Post deleted
0 people reacted
92 views
ҚЫЗЕМШЕК АҢЫЗЫ

Ертеде Уанас деген өте бай кісі болыпты. Малында есеп жоқ көрінеді. БетпақShow moreдаланы еркін жайлаған бай, жазда малын Қотантас қағынан суғарады екен. Қалың түйе қақтың суына тұра қалғанда, су төмен лықси жөнелетін көрінеді. Бай түйесін қақтың суына қарап түгелдейтін болыпты. Егер түгел болмаса: «Түйе түгел емес қой, қақтың суы лықсымады», – дейді екен. Сол Уанастың бір ұл, бір қызы болыпты. Ұлының аты Терек. Оны жұрт «Терек мырза» деп құрметтейді екен. Қызы зерек болса керек, малға салған жалшыларды сол басқарыпты. Сөйтіп, қыз бір жалшы жігітке ғашық болып, ойнап-күліп жүріп, жүкті болып қалыпты. Бай құлына қыз бермесі анық. Білген соң, жаза тағы дайын. Амалы таусылған екеуі ебін тауып, елден қашып шығады. Қаратауды бетке алған бұлар, Түркістанға асатын Суындық аңғарындағы Балықшы әулиеге келіп тоқтайды. Осы кезде соңынан жалғыз атты қуғыншы да көрініпті. Қуғыншы ағасы екенін біледі. Құтылмасын біліп, көзінен жас аққан қыз әулие-әмбиелерге жалынып, медет тілейді. Құрсағындағы нәрестесін Аллаға аманат етеді. Сонда құлағына: «Қызым, ана беттегі таудың тасын етегіңмен әкеліп, қуғыншының алдына кемінде үш рет төк. Сонда сайдың аузы бекіп, қуғыншы өте алмайды», – деген бір тылсым үн келгендей болады.
Жанұшырған қыз тұра жүгіреді. Сонда тасты бір-ақ рет төгіп үлгеріпті дейді. Ашудан көзіне қан толып кеткен Терек мырза, аяғына жығылып сұраған кешірімдеріне құлақ аспайды. Екеуінің де аяқ-қолын байлап, Суындыққа кіре беріс, шығыстағы таудың басына апарып, бауыздап жіберіпті. Онымен қанағаттанбай, қарындасының ішіндегі баласын жарып алып, оны да шалады. Сол таудың сылдырама тасында әлі күнге қара, қызыл, ақ жолақ жатыр. Қара жолақ жігіттің, қызыл жолақ қыздың, ақ жолақ бейкүнә нәрестенің қаны деседі. Терек мырза онымен тынбай қарындасының екі емшегін кесіп, қоржынының екі басына екеуін салып алады да жүріп кетеді. Қанша жүргенін кім білсін, осы Шу өзенінен өтіп, Бетпаққа шыққанда сасыған жағымсыз иіс шығады. Ашумен істеп, ұмытып кеткен Терек мырза абайлап қараса, иістенген қоржындағы екі емшек екен, алыпты да жолдың екі жағына лақтырып тастайды. Мұны білген ел, әлгі екі емшектің бетін жасырып, төбешік қып үйіпті. Міне, сол үлкен екі төбеге айналған көрінеді.
Содан келген бетте, Терек мырза бөлек отау тіккізіп, жатып қалыпты. Теректі тұрғызуға ешкім де келмейді. Бір күні мырзаның қыран бүркіті шаңқылдап, маза бермейді. Терек аңға шығуға жиналады. Сонда әйелі: «Мырза, бүркітіңіз бөтен мінез танытып тұр. Егер аңнан тоят алмаса алмағайып, – деп күйеуін жібергісі келмейді. Бір бет Терек әйелінің сөзін тыңдамай, нөкер де ертпей, жалғыз кетеді. Ен далаға шыққан соң, бүркітін кездескен аңға салады. Бірақ аласұра шаңқылдаған құсы айналып жүріп алады да, енді бірде өзіне қарай құйыла жөнеледі. Мұны көрген Терек мырза, атының бауырына кіріп кетеді. Шырқау биіктен ағып түскен бүркіт, аттың белін үзіп жіберіпті. Іздей шыққан әкесі баласының жүрегін суырып жеп отырған бүркіттің үстінен шығады. Терек мырзаны арулап жерлегеннен кейін, әңгіме бүркітке тіреледі. Сонда Уанас бай: «Құдай есебін тауып, тып-типыл етті. Енді мына байлығымның егесі жоқ. Таласып-тармаспай, табан ақы, маңдай тер еңбектеріңді бөліп алыңдар. Ал, бүркіт баламның қолбаласы еді. Өлтіруге көзім қимайды. Осылай ұшырып жіберсем, ертең тағы біреуді майып қылуы мүмкін. Мені тұяқсыз қалдырдың, сен де тұяқсыз өт», – деп саусақтарын кесіп тастап, тобанаяқ қылып, ұшырып жібереді. Енді қыздың етегімен төккен тасына келейік. Суындық аңғарына кіре берісте үлкен төбешік тұр. Бұл төбешікті ел «Қыз төккен» деп атайды.
0 people reacted
12 views
0 people reacted
11 views
Огромная подборка лучших фильмов на все случаи жизни. Теперь у вас всегда будет, что посмотреть.
0 people reacted
15 views
0 people reacted
17 views