Жүсіпбектің Алашқа айтқан аманаты
Қазағым, қақтықпа, қамалма!
Show more
Ел болар қамыңды амалда!
Кетті түн, атып таң, шығып күн,
Сал малды, сал жанды, аянба!
Мал баққан, жай жатқан ел едің,
Бейнетті көп тартқан ер едің,
Қаны жат, тілі жат, діні жат,
Жат елден таяқты жеп едің.
Жатқа жем бай едің, кен едің,
Бағың жоқ, биліктен кем едің,
Партия, сұрқия, қым-қиғаш,
“Басы аман” көп надан сен едің.
Зарыққан, талыққан шағыңа
Тап болды бостандық бағыңа!
Ұйымдас, ұрандас, жағалас!
Сен де мін бабаңның тағына!
Құның жоқ, қорлықта өшіп ең,
Терезең төремен болды тең.
Намыстан, қайраттан, қатарға ен!
Басқадан кем болған сенің нең?
Ұраным, қорғаным — сен, Алаш!
Жолыңа құрмалдық мал мен бас!
Өнер тап, өрге шап, қару ат,
Аллалап алға бас, ал, Алаш!
1917 жыл